21.07.2010, 09:30
ІТ-білім беру мәселесі жөнінде online-конференция
Жаңалықтар таспасы » Сараптама, Сараптау бағасы, Без рубрики » Бөлінгенді бөрі жиді немесе саусақ бірікпей, ине ілікпейді - сарапшы
АЛМАТЫ. Ақпанның 16-сы. BNews.kz. - Қазақстанда біз не құрып жатырмыз? Бұл біраздан бері талқыланып келеді. Биліктің біз қай бағытта жылжуда екенімізді біле алмай қалған кезеңі де болған. Кейін келе азаматтық қоғам құрамыз деген идея пайда болды. Мұндай қоғам – ұмтылуымыз тиіс идеал. Әйтсе де, мемлекетқұраушы ұлт – қазақтар болғандықтан, ал олар бірнеше ғасырлар бойы өзге елдің боданы болуы себепті, бөтендердің айдағанына көнуге мәжбүр еді, сондықтан да әлдебір уақытқа дейін ұлттық мемлекет күйінде қалуы керек, сосын ғана біз азаматтық қоғам идеясына жетеміз, - дейді қазақ тілді әдебиетші және аудармашы Герольд Бельгер. Оның пікірінше, Қазақстанда мүлде өзерікті болғысы келетін, әлдеқандай күштер бар. Пиғылдары іске аспайды. Назарбаев көп жағдайда дұрыс істеп келеді. Ол, биліктің басында отырып, тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Қытайлармен де, ресейліктермен де, америкалықтармен де. Әйтпесе аман қалу – қиямет-қайым шаруа.
REGNUM Жаңалықтар АА: Таяуда ғана сіз, ұлтшыл-патриоттар жазған Ұлттық саясат тұжырымдамасын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған Доктринаға балама деп санадыңыз. Осыған баға бере кетіңізші.
Үкімет жобасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) жобасы, мені үзілді-кесілді қанағаттандырмады, өйткені біраздан бері мен Ассамблеяның өзіне сенімсіздікпен қарай бастадым. Ұзақ жылдар бойы Ассамблея кеңесіне мүше де болғам, бірақ кейіннен одан бойымды аулақ ұстадым, сөйтіп, былтыр болуы керек, мені, тағы бірнеше мүшелермен бірге, қатардан шығарып тастаған. Біздің белсенділік танытпағанымыздан болса керек, сосын біздің қартайып қалғанымызда да болар. Мен өкінгенім жоқ. Бұрын мен Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін жанымды салғам және егерде ол, ең бастысы ұлттық мәселелермен: тіл, мәдениет, т.б. айналысар болса, қоғамымызға аса қажет деп санаған едім. Алайда, егер Ассамблея биліктің ойыншығына айналып кетсе, онда мұндай Ассамблеяның қажеті де бола қоймас. Түбінде ол нақ осы жолға түсіп кетті. Билік оны өзінің қалауынша құбылтады. Ал Ассамблея мүшелері, түрлі ұлт өкілдерінің бар білгендері: қол көтереді, дауыс береді. Олардың көпшілігін жақсы білем, оларға бөтен тума өкілінің сондай бөтен тумаларға қатынасы секілді сыйластықпен қараймын. Тағдырлас бауырларым сияқты. Бірақ, бөтен ұлттар өкілдері үлкен саясаттың ойыншығына айнала бастаса, ондай Ассамблея мені еш қуанта алмайды. ҚХА-ның жасап жатқан істері қобалжытады. Сондықтан да мен доктринаға қатты алаңдаушылық таныттым.
Мен – қазақстандықпын, мұны әрдайым мақтан тұтамын. Жағрафиялық жағынан мен қазақстандықпын, бірақ менің ұлтым – ежелгі неміс. Ресейлік неміс. Қазақстандық неміспін – қалауыңыз білсін. Мен мұны әрқашан атап көрсетіп отырамын. Ал, төлқұжаттың ұлты көрсетілген тұсқа «қазақстандық» деп жазу идеясы туындағанда, мен: «оны сызып тастаймын да, мен неміспін деп өз қолыммен қайта толтырамын» дедім. Мен, бәріміз де «біз – қазақстандықпыз» деп айтуға пісіп-жетіле қойған жоқпыз деп есептеймін. Маған салса, корей сол корей болып, неміс – неміс, қазақ – қазақ болып қалғанын қалаймын. Өйткені, бұл ұлттық топтардың бірде-біреуі өздерін толықтай таныта алған жоқ. Өздерінің қолдарынан не келетінін толық көрсете де алған жоқ. Сол себепті, ҚР-дағы бірде-бір ұлт өз күш-қуатын ашып көрсете алмағандықтан, уақытынан бұрын ортақ қазанға ұмтылудың да еш қисыны жоқ. Уақыт келсе, бәріміз де сол қазанға түсеміз, сонда ғана бәріміз қазақстандық боп шыға келеміз. Бәлкім, америкалықтар сияқты. Бірақ мен өз басым оған асыға қоймаймын. Басқаларға да: асықпаңдар, деумен келем. Бұл – менің көзқарасым, менің, немісше айтқанда: «штандпунктім». Сосын мен әлгі доктринамен танысып шықтым, шын мәнінде, біздің ұлтшыл-патриоттардың шамына тиетіндей сөздер жаңағы құжатта болмай шықты, бәрі де астарлап жеткізілген, бәрі – жып-жылмағай. Десе де, сол доктрина рухы биліктің рухымен буланған. Сондықтан да мен ол доктринаны жоққа шығардым. Маған сай емес екен.
Сонан соң, Шаханов бастаған менің таныстарым және тағы да басқа менің қазақ-зиялы достарым, ойлы азаматтар кенеттен баламалы доктрина жазуға шешім қабылдағанда, оған қуанғаннан басқа шарам қалмады. Ол құжатты дайындау үшін ауқымды адамдар тобы жұмыс істеді. Оны, қарындашпен ойларымды түрте отырып, соңғы демалыс күндерінде оқып шықтым. Сөйтіп, мұны нақ керекті нәрсе екен-ау, деген ақылға келдім. Жалпы алғанда, бұл құжат қанағаттандырады. Шынында, мен қарындашпен жекелеген сөздерді, кейбір теңеулерді белгілеп қойдым. Кей жерлерде асығыстық сезіледі. Тым дүмпулі, «семіз» сөздер, шектен асқан көңіл-күй екпіндері де бар. Бірақ бұл – жоба ғана, ол 2 газетте, тек, шындығында, қазақ тілінде-ақ жарияланды. Және де мен осы доктринаны қолдаған болар ем, бірақ кейбір өзгерістерімен. Өзге пікірлерді мойындамау сезілетін сияқты. Ал мен жасы келген салиқалы адаммын, бәріне бірдей қараймын, кім-кімді де сыйластықпен қабылдаймын. Ешқайда асықпаймын, сосын уақытынан бұрын шала бүлінудің де реті жоқ дер едім. Жалпы алғанда, осы доктринаны қолдаймын.
REGNUM Жаңалықтар АА: Баламалы доктринадағы басты ой неде?
Қазақстанда біз не құрып жатырмыз? Бұл біраздан бері талқыланып келеді. Биліктің біз қай бағытта жылжуда екенімізді біле алмай қалған кезеңі де болған. Кейін келе азаматтық қоғам құрамыз деген идея пайда болды. Мұндай қоғам – ұмтылуымыз тиіс идеал. Әйтсе де, мемлекетті құрушы ұлт – қазақтар болғандықтан, ал олар бірнеше ғасырлар бойы өзге елдің боданы болуы себепті, бөтендердің айдағанына көнуге мәжбүр еді, сондықтан да әлдебір уақытқа дейін ұлттық мемлекет күйінде қалуы керек, сосын ғана біз азаматтық қоғам идеясына жетеміз. Мен былай деп есептеймін: қандай қоғам құрсақ та, қайда бара жатсақ та, неге ұмтылсақ та, не істесек те, біз, бірінші кезекте, өзімізге мынадай сауал қоюмыз тиіс: осы қазақтарға қажет пе, әлде қажет емес пе? Мұның қазақтарға пайдасы бар ма әлде жоқ па? Егер оның пайдасы болса, қазақтарға қажетті және болашағы зор болса ғана – мұндай идеяға қолдау көрсетуге әбден болады.
Екінші мәселе: ал бұл өзге ұлттарға, диаспораларға кедергі келтірмей ме, менің жеке өзіме кесірін тигізбей ме? Егер бұл маған залалын тигізсе, көңіліме жақпаса, демек талқыға салуымыз қажет, келісімге келу жолдарын іздеу керек. Былай деуге тиіспіз: айналайын, достым, мен сені жақтаймын, бірақ сені жақтасам, өзім содан жапа шегеді екенмін. Бұған мен көне алмаймын, кәне, келісіп алайық. Былай істесек қайтеді: саған да, маған да жақсы болсын. Десе де, мен ең алдымен саған жақсы болуын қалаймын. Жалпы мен егер Қазақстанда қазақтарға жайлы болса, басқаларға да жақсы болады деп есептеймін. Ал егерде қазақтарға қиын тисе, онда бірде-бір диаспора бұл қоғамда өз бақытын құрастыра алмайды. Мәселе менің қазақтарға ішім жылитындығынан емес. Иә, мен қазақ ауылында туып өстім, қазақ мектебін бітірдім, қазақ әдебиетін аударам, мен – барша қазақ атаулының патриотымын. Басқа қырынан келсек, мен өз халқымның, ресейлік немістердің трагедиясын да білем. Олардың өз тілі мен дәстүрлерінен айырылғанын да білемін. Қазақтардың да осындай күйге ұшырағанын қаламаймын. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанда – қазақтар елінде, басым көңіл қазақтар еншісінде болуы тиіс. Кейбіреулер, бәлкім, «сіз батыстық адамсыз ғой, батыстық құндылықтар үшін, демократия үшін, азаматтық қоғам үшін күресуіңіз тиіс емес пе?» деуі де мүмкін. Иә, мен мұны қолдаймын. Жеме-жемге келгенде, алдымен қазақтардың өз мүмкіндіктерін ашып көрсеткенін қалар едім. Сондай мұрша беріңізші оларға, өз биіктеріне жеткен соң өздері-ақ: болдым-толдым, бәрін түгестім дейді. Қолымнан келерімнің бәрін көрсеттім, одан әрі дами алар емеспін, демек ол сонда. Ортақ қазанға түсуге мен дайынмын. Міне, қазақтың өзі осыны айтқан кезде ғана азаматтық қоғамды құра аламыз. Сондықтан да, қайталап айтам, мені доктринаның нақ осындай ұлттық бағамы қанағаттандырады.
Мейлі, философтар маған: мынауың мүлде дұрыс емес дей берсін, бірақ та мен Қазақстанға нақ осындай эволюция қажет деп ойлаймын. Барлық елдер де, ерте ме, кеш пе, азаматтық қоғам құру қажеттігін мойындайды. Ал, ұлттық мемлекет, тіпті қазірдің өзінде – нонсенс, бірақ Қазақстанның қазіргі жағдайдағы осы нонсенсінен ажырай алу да мүмкін емес. Мұны менің қазақи болмысым меңзеп отыр. Қазақтар ондаған жылдар бойына тепкінің астында болды. Енді ғана олардың өздерін көрсете алар шақ туып отыр. Сен де, мен де, қалған орыстардың барлығы да бұған түсіністікпен қараулары шарт. Былай деуіміз тиіс: иә, түпкі ұлт болуларыңыз себепті, сіздердің бұған толық құқыларыңыз бар.
REGNUM Жаңалықтар АА: Қазақстанда бәрі де осылай ойлай бермейді ғой…
Бәрі бірдей осылай ойламайды, әрине, көпшілігі сынап-мінеп шыға келеді. Еврейлер немесе менің орыс достарым бұлай істеуге болмайды дейді. Олардың айтуынша, ұлттық нышанның бәрін түбірінен шабу қажет, қазіргі уақыт бұрынғыдан өзге. Бірақ та мен дәл қазір азаматтық қоғам құру – қазақтарға залалын тигізер шара, деп есептеймін. Бұған менің көзім әбден жеткен. Кішкене шыдайық.
REGNUM Жаңалықтар АА: Сонда нені күтуге тиіспіз?
Қазақтар өз тілін, мәдениетін, өздерінің ұлттық рухын қалпына келтіруді қалайды. Яғни, бүкіл таза қазақи болмыстарын, тіпті былай десек те болады: «қазақшылықты» – мұны түбегейлі түрде тәрбиелеуіміз қажет. Мен қарсы емеспін. Ал оның немістерге, бүкіл немісше болмысқа залалы тиюін қаламауым – басқа мәселе. Олай болса, мен де өре тұрам. Былай деп айтам: жоқ, қымбаттым, мұның жарамайды. Менің жағдайымды да ойла. Мен өзімді түгелдей құрбандыққа шала алмаймын. Алайда, түпкі түйсігім жаңағыдай жолдың ыңғайлы екенін сездіреді. Мұның үстіне, менің достарым – қызба жандылар: орыс тілі бәрін басып-жаншып тастады, орыстардан алшақтауымыз қажет, орыс мәдениетінен де, тілінен де, әдебиетінен де құтылу керек, т.б., ондай кезде жиіркене бастаймын, қаһарыма мінем. Бұл – мүлде жаңсақ жол. Біреудің есебінен емес, өзіңнің ішкі мүмкіндіктерің есебінен қолыңнан не келетінін дәлелде. Әлденеде өзгелер мәдениетінен кем түспейтініңді дәлелде, табиғатыңнан соншалықты қуатың барын – басқалар сенің алдыңда басын иетіндей – айқын дәлеліңмен ұқтыр. Міне, әңгіме төркіні неде. Ал егер олар өзге мәдениетті шеттетіп, орыс тілі мен әдебиеті бойынша оқу сағаттарын қысқартқысы келіп жатса, мен оған қарсымын. Баламалы доктринада, айтпақшы, орыс әдебиетінің орнына әлемдік әдебиетті оқыту қажет делінген. Мен мұны қолдамаймын. Орыс әдебиетін, төл әдебиетімізді еш тұқыртпай-ақ, оқыта беру керек. Орыс мәдениетінен шет қалған, орыс қоржынынан қағылған қазақ бірден-ақ, мен сияқты, қараң қалады. Мен қашанда арқама 3 қоржын, 3 аспалы: қазақтың, немістің және орыстың сөмкелерін артып келем деп айтып жүрем. Соның кез келгенін алып қойса, мен кедейленіп қалам. Қай қоржынымнан да айырылғым келмейді. Менің жасымдағы, менен жастау да, орыс мәдениеті арқасында үлкен маманға айналған қазақтар, бұл пікіріммен толық келіседі. Қалау-тілектері жел қуғандар да бар. Олар үшін орыс экспансиясынан құтылу маңызды. Бұл өте қауіпті. Ондай жағдайда мен: орыстан қашсаң – қытайға тап боласың, деумен келем. Онда қытай тілін үйренуіңе тура келеді. Мұның үстіне енді 10 жылдан кейін ҚР-да қытайлықтар көптеп саналары даусыз. Экспансия қатері бар. Сондықтан да қазақтардың орыс мәдениетінен алшақтауы өзге үлкен қауіп тудыруы әбден мүмкін. Орыстардан арылған соң қазақтар өз тәуелсіздігін жоғалтуға душар болуы кәміл. Өйткені, сен, көп жағдайда, Ресейдің және орыс мәдениетінің арқасында тәуелсізсің. Менің қазіргі айтқаным көптеген достарыма, ұлтшыл-патриоттарға ұнамауы анық. Бірақ жағдайдың мәні осындай, одан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Олжас Сүлейменовтің: тауларды кішірейтпей, даланы асқақтатайық, деген атақты қағидасын ұстану қажет. Бұл – өте дәлме-дәл баға. Міне, мәселенің мәнісі осыдан бастау алуы тиіс.
REGNUM Жаңалықтар АА: Ресейдегі соңғы саяси үлгі тығыз ынтымақтастыққа мүдделі емес сияқты. Көптеген ресейліктер: бізге Қазақстан керек пе? деген сауалдар қоюда.
Менің көзқарасым бойынша, бұл Ресей үшін дұрыс ұстаным емес. Ұлы Ресей ешқашан өзімен өзі болып көрген жоқ. Біз оның қалай қалыптасқанын білеміз. Менің өзім ұзақ жылдар ресей өркениетінде, ресей мәдениетінде неміс элементімен айналыстым. Ресей мәдениетінен немістің қолтаңбасын, еврейдің қолтаңбасын, түріктің қолтаңбасын алып тастаңызшы, не қалар екен? Қазір Ресейде көбі: өздерін біз ұлы халықпыз деп санайды! Түк те олай емес! Сен ұлысың, алайда, Бірінші Петр кезеңінен мұнда бірнеше милиондап болған сол немістердің есебінен. Сондықтан Ресейдегі орыс мәдениетін сөз еткенде, ұлы мемлекет туралы сөз еткенде, жеке дара орыс мәдениеті деп бөліп айтуға тіптен болмайды. Баршаға аян, Ресейдің көптеген ұлы адамдарының тамыры қайда жатқандығы. Олардың барлығы да орыс мәдениетіне жұмыс істеді. Біз екеуміз де орыс мәдениеті үшін қызмет етіп жүрміз. Өйткені біз орысша ойлап, орысша жазамыз ғой. Міне, біздің осындай қолдауымыздың арқасында Ресей мықты болып отыр. Мен Президенттің Бейбітшілік пен Рухани келісім сыйлығының иегерімін. Мен оны мақтан тұтамын. Өйткені, мен шынында да бейбітшілік пен келісім үшін жұмыс жасаймын. Мен қай уақытта да түрлі мәдениеттің ортақ діңгегін табуға тырысамын. Сондықтан мен бір кітабымды «Гете мен Абай» деп атадым. Осыдан мен үнемі рухани үндестік табамын. Мәгәркім, біреу-міреу, мейлі ол қазақ болсын, мейлі ол орыс болсын өзінің ұлтын, діні мен ділін артық қоя бастаса, онда оған қарсы менің жаным күйзеледі. Өйткені мен кім қайдан шықты, кімнің түп тамыры қайда жатыр түсінемін, сондықтан мен ортақ мақсатқа жұмылдыруды, ортақ руханиятқа бірігуді қалаймын. Бізде, Қазақстанда мүлде өз алдына бөлек болғысы келетін күштер бар. Олай болмайды, бұл тұрғыдан алғанда Назарбаевтікі қашан да дұрыс. Ол жоғарыдан бәрін көріп отыр. Сондықтан үнемі тізгінді тең ұстауға тура келеді. Қытайлармен де, орыстармен де, америкалықтармен де терезесі тең достық қарым-қатынаста өмір сүру керек. Әйтпесе, кемені теңселтпей тура ұстау қиынға түсіп кетуі мүмкін. Бұл дұрыс идея және оны мен өз көзқарасым тұрғысынан толық қолдаймын.
REGNUM Жаңалықтар АА: Орыс тілділердің бірде-біреуі қазір өздері өмір сүріп отырған кеңестікті түсінуге талпынған жоқ. Қоғамда қазақ тілі құнарлы да өте бай тіл екенін нақты ұғыну жетіспейді. Сондай-ақ, қазақ тілін не үшін оқып-үйрену керектігін де ешкім түсінгісі келмейді. Сонда 20 жыл бойы біз меже белгілеумен келе жатырмыз ба?
Сен өте өткір мәселені қозғап отырсың. Мен бұған біржақты жауап бере алмаймын. Таяуда ғана осы сауалдар төңірегінде мен өзімнің бір кітабымда ой бөлістім. Нақтырақ жауап беру үшін сол өз қолжазбамнан үзінді оқып берейін. “Теледидардан мемлекеттік тілдің түйткілді мәселелеріне арналған келелі мәжіліс туралы репортажды қарап отырмын. Мәжілісті Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жүргізуде. Жанында - Мұхтар Шаханов. Камера жаймен ғана жылжып, мәжілесте отырғандарды жағалай көрсетті. Ба, түп-түгел таныс тұлғалар. Жазушылар, жураналистер, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, депутаттар. Алғашқы түйсінгенім: күні кеше ғана осындай алқалы басқосулардан мені де қалдырмайтын. Қазір денсаулығыма байланысты мен қалыспын. Жолдың жиегіне шығып қалдым. Әрине, көңілсіз, бірақ, не істейсің. Мен зейнеткермін. 76 жасқа аяқ бастым. Қазіргі негізгі мекенім диван. Сондықтан мен бұрынғы Герольд Бельгер емеспін, есесіне “Герольд аль-Диванимын”. Екінші түйсінгенім: залда ылғи қазақтар отырды. Қазақ тілінің мәселесі тек қазақтарға ғана қажет сияқты . Бұл түбірімен дұрыс емес. Бірде бір орысты, корейді, неместі, ұйғырды көре алмадым. Тек қазақ тілінің намысын жыртып, жоғын жоқтап жүретін әзірбайжан қызы - Асыл Османовадан басқа. Тіпті бірде бір орыс тілді қазақтар да көзіме түспеді. Бұл мені қауіптендірді. Сонда қазақ тілінің жан ауыртар түйткілі таза қазақтардан басқа ешкімді толғандырмағаны ма? Өте өкінішті жағдай. Шындығында, Қазақстанда халықты түрлі топқа, жік-жікке бөлу анық байқалып келеді. Кедейлер мен байлар, сәулетті коттедждер мен жатаған үйлерде тұратын қазақтар, «шала қазақтар», «жаңа қазақтар», нағыз қазақтар. Қоғамдық және әлеуметтік белсенділер немесе кертартпалар. Бірдемеге ұмтылушылар мен мүлде «пофигистер». Халықтың басым бөлігі ештеңеге зауқы жоқ, Алласының бергеніне шүкіршілік етіп жүріп жатқандар. Олар бетегеден биік, жусаннан аласа. Бұған дейін орыстардың қарқындары басым еді, енді олар да өздерін эмигранттар санай бастады. Қазақ халқының ұлттық пробемалары, қоғамдық-әлеуметтік бағыттағы басымдықтар, интелектуальдық, рухани ізденістері оларға мүлде қатысы жоқ тәрізді, бойларын аулақ салады. Басқа диаспоралар да шамамен өздерін осылай ұстайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы биліктің қолындағы ойыншығына айналды. Көптеген диаспоралар кейбір көзбояушылық әрекеттеріне қарамастан, бірнәрсе тындырып тастағандай өздерімен өздері мәз. Оларды Конституция кепілдігіне деген өздері де түсінбейтін күш біріктіре ме? Танылған тұлға тарапынан үлкен қамқорлықты сезінуде. Бәрі керемет, бәрі жақсы. Жарайды солай өмір сүре беру керек. Әйтеуір, өз жағдайың дұрыс болса, болды. Осы диаспоралардың көпшілігі ұлты жөнінен күні бүгіннен бастап қазақстандық болуға дайын. Биліктің кез келген ыңғайына оңай көне қалатындай, алып ұшып тұрған ұлттық топтарды дегендеріне шебер пайдалану оларға түк те емес. Иә, мемлекетқұраушы түпкі ұлт болып табылатын қазақтардың өздерінде, өкінішке қарай, ауызбірлік жоқ. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қимылдаудың орнына, жік-жікке бөлінуге, бірін-бірі мұқатуға, айтыс-тартысқа, бітпейтін ішкі интригаға әзір тұрады. Мұның бәрі, әрине, жанды жиді.
Ұлттық болмыстары бойынан бұрқырап тұратын нағыз-қазақтар мен рухани шалажансар кейіптегі шала-қазақтар арасындағы пайда болған бір ғана сызаттың өзі қайда апарып соғады? Менің пікірімше, осы сызат уақыт өткен сайын жарықшаққа айналып келе жатқан сияқты, және де бұл көзге мен мұндалап тұрған көрініс. Шала-қазақтар өздерін барып тұрған ақылды, қоғамның дамыған өркениетті мүшесіміз, алдыңғы қатарды құрайтын кемелді адамдарымыз деп есептеп, таза қазақтарды ауылдағы ауызы сасық, көштен қалған бұраңқы мәңгүрттер деп қабылдайды. Ал, өз кезегінде нағыз таза қазақтар да шала-қазақтарды мүсіркеп отырған жоқ, оларды өздерінің ұлттық тамырынан ажыраған, түпкілікті бітім-болмысынан жерінген жілгірлер деп жекіріп отыр. «Қазақтың жаманы орыс болады» - деуші еді бұрынғылар, сол айтқандай, қазақтықтан кеткен, бірақ орыс бола алмағандар дейді, оларды. Қарап отырсаңыз, бүгінде «моя твоя не понимай» деген ахуалға дейін жеттік. Бұл, әсіресе, әдебиет, мәдениет және рухани-өнегелілік салаларында қатты сезіледі. Қазақстандағы диаспоралар өздерін 136-140-деп жазады.Олар өздерін қазақи мәселелерге түк те қатысы жоқтай, оған «бастары ауырып, балтыры сыздамайтындай» етіп көрсетеді. Есесіне эмигранттық сарындарды тура өз аттарына қарсы айтылғандай етіп қабылдайды. Бұл дегеніңіз жақсы нәрсе емес, бұл өте қауіпті. Демек, қоғамда кемшіліктер бар. Демек, бұқара бетімен жүр. Жұртшылықтың басын қосып, оларды ынтымаққа шақыру секілді мұратты істер өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Соның салдарынан, бірігу деген қағиданы қоғамның әр тобы өз түсінігінше қабылдайды. Алдын алмаса, аталған осы олқылықтың зардабы бір уақытта ащы запран болып төгіледі. Бүгінде өте тамаша, мазмұнды қазақ газеттері көптеп шығып жатыр. Мен басылымдардың ішіндегі өзім үзбей оқып жүргендерімді ғана атап өтейін. Олар – «Жас Алаш», «Түркістан», «Жас қазақ», «Ана тілі», «Жас қазақ үні» және «Қазақ» секілді газеттер. Бұларда бүгінгі күннің өзекті мәселесіне арналған тамаша материалдар басылып жатыр. Проблемалық мақалаларды, публицистиканы, өлеңдер мен талдаулық шолуларды – орыстар (орыстілділер) білмейді, білгенімен оқымайды да. Аталған интеллектуалдық, рухани-эстеткиалық құнды дүниелердің барлығы да олардың санасын айналып өтеді, құдды ештеңе де болып жатпаған секілді. Осыдан келіп бос кеңістік пайда болады. Мәселен, Иран Ғайып, Темірхан Медетбеков, Софы Сматаевтар – кереметтей көркем туынды «Толғаулар» поэмалар жазады. Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаевалар қазақ оқырмандарын өздерінің өте тамаша эсселерімен қуанта алады. Ал, Мұхтар Мағауин романдары және повестерімен, Тынымбай Нұрмағанбетов повестерімен Оразбек Сәрсенбаев «рисалық» жанрларымен, Дулат Исабеков пьесаларымен, Бақыт Сарбалаев және Амангелді Кеңшілікұлы сын мақалаларымен қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген. Бірде-бір орыс (орыс тілді) оқырманы жоғарыдағы айтылғандар жөнінде ештеңе білмейді. Яғни олар, өздерінің бұзылған, бұрмаланған, жұтаң да тұманды әлемінде өмір сүреді. Өте өкінішті. Басқа сөзбен айтқанда, орыстар және орыс тілді қазақтар, өздерінің ұлттың қаймағы екендігіне сенімділер қазақ тілінен мақұрым, олардың тілді үйренуге деген құлықтары да жоқ. Мұны трагедиялық адасу демеске лаж жоқ. Қазақстандық әдебиетте орыс тілді жазушылардың айтарлықтай үлкен тобы шығармашылық жетістіктерімен көрініп келеді. Мен мұнда кәрістерді, немістерді, татарларды және басқаларды сөз етіп отырғам жоқ, мен қазақтардың өздерін айтып отырмын. Олардың қатарында Дүйсенбек Нақыпов, Аслан Жақсылықов, Сағын-Керей Бәйменов, Бақытжан Қанапиянов, Қайрат Бақбергенов, Әуезхан Қодар, Ермек Тұрсынов, Ербол Жұмағұлов секілді дарынды да бірегей тұлғалар бар. Әрине, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев, Мұрат Әуезов мэтрлер де осы топтың көшбасшылары. Нағыз-қазақтар оларды оқымайды, кейде оларды принципті түрде білгілері келмейді. Ал, орыстар да бұлардың да бұларға табынып отырғаны шамалы. Өзекті өртейтін өкініш осы, барып тұрған әділетсіздік. Мен өз басым ана жақты да мына жақты да оқимын. Солар туралы айтуға тырысамын. Көзге көрініп тұрса олардың ұқсастық, бірлігін, жалпы формулаларын қарастырамын, ортақ түптамырларына дейін ізденемін, және ананың да мынаның да біздің қоғам үшін қажет екендігін дәлелдеуге күш жұмсаймын. Алайда, менің терлеп-тепшігенімнің пайдалы тұстары тым аз деп ойлаймын. Өкініштісі, екі тарап та мені өз ісімен айналысып отырған жоқ деп топшылайды. Бірақ, менің ұстанымым бар ғой. Мені өз таңдаған жолымнан тайдырып тастау оңай емес. Дегенмен, біздің қоғамдағы рухани бөліністер мені бей-жай қалдыра алмайды. Біздер ендігі жерде өз мәжілістерімізді қазақтар үшін деп жеке, орыстар үшін деп те жеке өткізетін болмақпыз ба? Алматыдағы қазақ тілінің мәселелеріне арнап өткізілген жоғары деңгейдегі мәжіліс мені осындай көңілсіз ойларға жетеледі. Бұл мәселе ендігі жерде тек қана қазақтардікі болып қалмауы тиіс, мен бұған сенімдімін. Бұған біздің көп ұлтты мемлекетіміздің барлық өкілдері, қайталап айтамын, түгелдей атсалысулары тиіс. Мен сенің сауалыңа шамамен осылай деп жауап беремін. Бұл менің жүректегі ойларым. Егер де осы сөздерім сенің мақалаңа енетін болса, бұл менің бұған дейін де айтып жүргендерім.
REGNUM Жаңалықтар АА: Көп ұлтты Қазақстан халқы шынымен де қазақтардың проблемалары, қазақ тілінің проблемалары туралы ойлана ала ма, Сіз қалай есептейсіз?
Бұл мүмкін деп ойлаймын. Мен бұған сенімдімін. Ол үшін күнделікті айтып отыру керек. Менің «Қазақ тілі» атты мақаламда бұл мәселе көтерілген, қазақ тілі туралы, оның өте бай да шұрайлы тіл екендігі, бейнелі тіл екендігі туралы айтқам. Барлық қазақ еместердің санасына осылар жөнінде күнделікті құйып отыру керек. Бұл солардың түсінуі үшін керек.
Университеттерде қазір аудармашылар бөлімі бар, сондықтан да мұны аудармашылар жүйесі арқылы және Жорналшыаер жүйесі арқылы жүзеге асыруға болады. Күнделікті тексеріп отыр, салыстыр отыр. Міне, қазақ былай деп сөйлейді. Ал, басқалар қалай айтады екен? Сол басқалар неге қазақтар секілді айтпайды? Не себеп? Қазақтың сөз саптасының қуаты мен күшіне үнемі иландырып, олардың көздерін жеткізіп отыру керек. Бұл, мүмкін нәрсе. Мен өз тәжірибемде көз жеткіздім. Өзімнің көптеген немістерімді сендіре алдым. Мен айтам: «Сенің неміс тіліңде осындай бейнелі лебіздер бар ма?» Мұндай сөздер, әрине бар, бірақ дәл қазақ тіліндей өткір де, күшті, бейнелі де мазмұнды емес. Сондықтан да үнемі оқытып отыру керек.Мен осыдан біраз жылдар бұрын «Қазақ дәптері» деген кітапша жазған едім. Осы қазақ дәптерінде өзім жаңа ғана сөз отырған тіл мәселелері туралы, оның ұлылығы, тіл байлығы мен тілдің рухы туралы жан-жақты дәлелдей отырып әңгімелегенмін. Енді қараңыз, сол қазақтардың өзі үш-төрт жыл болды, кітапті баспай отыр. Мен Астанаға да жібердім, ондағылар да бастарын изеп, таңғлушылықтарын білдірісті. Алдымен толықтай «Жас Алашқа» басылып шықты, содан кейін оларды жинақтап Астанаға жібердім. Бір баспада екіншісіне, ол үшіншісіне жіберді. Барлығы да таңқалады, бірақ баспайды. Міне, мәселе қайда? Қазақ тілінің қуаты туралы қазақ еместің айтуын қаламайтын болулары керек. Олар кей кездері: қазақ тілін бізге немістің үйреткісі келеді, жетпегені осы еді, деседі. Бұл да дұрыс шешім емес. Кезінде осы сөзді естігенмін. 1964-інші жылы мен «Жұлдыз» журналында қызмет еттім.Сол уақытта қалыптасқан бір жағдайға байланысты бүкіл редакция жұмыстан қуылғанда, мен қызметтен кеткім келмеген, өйткені менде күнкөрістің басқа мүмкіндігі болмады. Мен тек осы журналдың айлығымен күн көрдім. Әлі де болса 2-3 айға болса да қала тұрғым келген. Сонда Ғабит Мүсірепов былай деген, мен оны қатты құрмет тұтатынмын, оны тәржімаладым, менің онымен таныстығым да жақсы болатын, ол Жазушылар одағының хатшысы еді. Асықпай, әр сөзін созып, кербездене сөйлейтін ол: «қазақ журналында неміс жұмыс істеуі керек пе, жетпегені осы еді». Айтылған бұл сөз мені тірідей өлтірді. Демек, мұндай көзқарас бар. Демек, «Біздің өзіміздің самсаған мамандарымыз тұрғанда, қазақ тілін біздерге неміс оқытқысы келеді, жетпей тұрғаны осы еді» - деп есептейтін «ақылдылар» баспаханаларда отыр деп ойлаймын. Олай болса, мен де «Ал, неге жоқ?»-деп ойлаймын. Егер мен қазақ арасында өссем, егер мен қазақ мектебін бітірсем, затым қазақтанып кетсе, қазақшаға тәржімалайтын болсам, үнемі қазақтармен пікірлес болсам, неге маған да қазақтарды оқытпасқа? Оның ішінде әсіресе, өзінің тамырын жоғалтқандарды? Міне, осы мәселеге неміс көңіл аударып отыр деп, неге мені мақтаныш етпеске?! Басқаша айтқанда жат жұрттық мына неміс мен айтқан сөз, қазақ айтқан сөзден салмақты да, құнды болады. Міне, осыны түсінгілері келмейді. Бұл, әрине, жаман. Мен, мәселен германтанушы-қазақты көрсем үлкен қуанышқа бөленем. Кейде ренжіген кездерімде мен: неге сендер қазақ тілі туралы бітпейтін ұзақсонар мәжіліс өткізе бересіңдер, деп ойлаймын. Нақты кітап, жақсы оқулық, менің кітапшамды шығарыңдар, қазақ тіліне деген менің қатынасымды, менің құрметімді сезінсін олар! Қазаққа 10 академиктің ұзын-ұзын мақалаларынан гөрі, менің кітапшамның әсері көбірек болады. Сөзсіз. Орыс тілділерге де дәл осылай ету керек. Өйткені, олар маған көбірек сенеді. «Қарашы! Қазақ айтып тұрған жоқ қой! Басқа ұлттың адамы айтып отыр, ол текке сөйлемесе керек! Мұнда бір нәрсе бар!»-дейді олар. Маған көбірек сенеді.Міне, осыны бүгінгі күнге дейін түсіне алмай келеді. Менің кітапшамның шаң басып жатқанына үш жыл болып қалды. Қай баспаханада жатқанын өзім де білмеймін. Мен енді оны өз қаржыма шығарамын. «Қазақ дәптері» шағын ғана кітапша, бар болғаны сегіз баспа бет. Есесіне, мен онда қазақ тіліне деген өзімнің құрметімді көрсеттім. Барлық жағынан да алып қарағанда бұл кітап пайдалы болар еді деп есептеймін, мен.
REGNUM Жаңалықтар АА: Қазақ тіліне, мәдениетіне дәл Сіз секілді құрметпен қарайтын өзге ұлттық серіктестеріңіз бар ма?
Біріншіден, қазақ тілін бірден үйреніп кеткен немістердің көбін білемін. Жер аударылып келгенде, қазақ тіліне жаппай тез үйреніп кеттік, тіпті қазақ мектептерін бітіргендер де аз емес. Дегенмен, менің олардан басты айырмашылығым қазақ мектебін тамамдадым және таза қазақша ойлай да сауатты жаза да білемін. Ал, олардың біліктілігі тұрмыстық қатынас деңгейінде қалып қойған. Бірақ, мұндайлар өте көп.Олар қазақ тіліне үлкен құрметпен қарайды. Мен Германиядан көптеген хат-хабарлар аламын. Біздің бұрынғы азаматтарымыздың басым бөлігі әлі күнге дейін маған хаттарын тек қазақ тілінде жазады. Өйткені, бұл олардың өмірінің бір бөлшегі. Олар менің қатарластарым. Немістер қалайша қазақ тілін тез арада үйреніп алды? Түрлі себептер келтіріледі, фонетикалық жақындықтар іздейді. Бұл тұста мен: аналар да мыналарда бостандықсыз болды, езгінің ащы дәмін көп татты. Сондықтан да олар бір-бірлерін түсінуге тырысты, қана түсінік беремін. Орыстар қазақпен араласып тұрғандарына жүздеген жыл болса да, олар қазақ тілін білмейді. Қазақ тілінде сөйлей алатын орыстардың саны тым аз, саусақпен санауға тұрарлықтай. Ал, немістерде көп.Мен тәуір сөйлейтін кәрістерді де кездестірдім. Лаврентий Сон қазақша жақсы сөйлейді, түсінеді, бірақ қысылыңқырайды. Әрине, тусқан саналатын татар, қырғыз, өзбек және басқалардың арасында сөйлей алатындар көп, енді. Кез-келген ұлттың өзі туралы жоғары ойлап, мұрынын көкке шүйірмесе екен деймін.Қазақ тілін, оның мәдениетін кемсіту әлі күнге дейін бар. Орталық Комитеттің Қазақстан жөніндегі кураторы келген 86-шы жылы алғаш рет осы жағдайдың куәсі болдым, Қарағандыда кураторға қазақ тілі - өзбек малшылары тілінің бір нұсқасы, ол бар болғаны 500 сөзден ғана тұрады деген әңгімелер айтылды. Куратор мені жанына шақырып алып, осы рас па?-деп сұрады. Ол менің тарапымнан растау ишарасы болады деп күтті. Алайда, мен басқаша жауап бердім. Сонда ол маған: «Жарайды, бара бер» деді. Бірақ, бұл жауап сөз жоқ оның ызасын туғызды. Яғни, насихаттау керек. Ағарту министрі дәл қазіргі уақытта 28 мың қазақ еместердің қазақ мектептерінде оқып жатқандығын хабарлады. Мен мұны шындыққа жақын деп ойлаймын. Бұл, әрине жақсы нышан. Дегенмен, қазақтар осындай мәселенің өңін келтіре айтып, өзгелер де қазақша оқыса екен деп жатқандарға мен бұл шараның қазақ тілін құтқармайтынын талай айттым. Алдымен қазақ тілінде өздеріңіз сөйлеулеріңіз керек, өйткені қазақ тілінің иесі сіздерсіздер. Ал, егер де басқа ұлт өкілдері қазақша сөйлесіп жатса оларға жарасады, мұны қолдау керек. Бірақ, бұл қазақ тіліне демеу бола алмайды. Османова немесе Бельгердің қазақша судай ағызып сөйлегендері қазақ тілін шегіне жеткізіп дамыту емес. Мұндай міндетпен басқалар емес, қазақтардың өздері алдымен білек сыбана кірісулері керек. Қазақтарға үміт арту керек. Қанша немістің, орыстың, кәрістің қазақша сөйлей алатынын айқайлап тұрып айтудың қажеті жоқ. Мұны жәй ғана көлденеңнен қосылғандар ғана деп білу шарт. Қазақша сөйлей ме, Құдайға шүкір, жақсы. Дегенмен, алдымен өзің сөйлеші, содан кейін біздер де сол тілде сөйлеуге мәжбүр боламыз. Біздер секілділерге үміт артып отыра берген дұрыс емес. Мен талай қазақтарды кездестірдім, бірақ олардың ешқайсын да кінә тақпаймын. Сол уақыттың жағдайы да солай болды. Орыс бала бақшасы, орыс мектебі,орысша ойлау, орыс мәдениеті. Өмірі осылай болса, ол қазақшаны қайдан үйренсін? Маңайымызда Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп бар, ата-анасымен мектепке келе жатқан бүлдіршіндерді жиі кездестіремін. Олар дәрісті қазақша оқып, сол тілге үйренеді де, сабақтан тыс кезде өз ара тек қана орыс тілінде сөйлеседі. Тіпті, немерелерін үйлеріне жетектеп бара жатқан ата-әжелер де орыс тілінде сұхбаттасады. Бұл дегеніңіз, өте өкінішті. Мен Германияны жиі есіме түсіремін. Онда да ұлттар көп және олардың барлығы да тек неміс мектептерінде оқиды. Түріктер, эфиоптар, сығандар және басқалар. Қандай ұлт жоқ дейсіз, әйтеуір толып жатыр. Барлығы да немісше оқиды, сабақ неміс тілінде жүреді, ал үзіліс кезінде әр ұлттың өкілі өз тілдерінде сөйлеседі. Дәл осындай жағдай біздің Қазақстанда да жүріп жатыр. Өте жаман. Мен былай деп жаздым. «Ауылдағы қазақ мектебінде оқып жүргенде менің түсінгенім, қазақтардың орысша боқтауды үйреніп алғандары болатын. Қайда болмасын, тіпті сыныпта да себепті-себепсіз «Оттуаймайт» деген сөз естіліп жататын. Осы жаман үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Бұған қазір «Биллят» деген жаңа сөз қосылды, қысқаша – «блин».Сонымен тыңдаңыз, «Эй, блин, кеше, блин, мектепке неге кельмедсу блин… Оттуаймайт. Бір шаруа, блин, болымкалды, блин». Бұл сөйлесудің өзіндік жаңа үлгісі. Мен кейде, қазақтар қашан қазақша боқтауға көшеді, сонда ғана өз тілдерінде сөйлейтін болады деп, ойлаймын. Қазақша боқтаудың да өзіндік бейнесі бар. Мұны, марқұм Ақселеу Сейдімбек өз зерттеуінде дәләлдеп берген еді. Бұл жөнінде мен де қара жаяу емеспін. Қазақтың боқтау фольклоры кез келген фольклорға фора бере алады». Міне осындай жазба.
Михаил Пак, Алматы
Ұқсас жаңалықтар табылған жоқ